Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Солтүстік Қазақстан облысы

ЕРЛІГІ АҢЫЗ БОЛҒАН БАТЫР БАБА

ЕРЛІГІ АҢЫЗ БОЛҒАН БАТЫР БАБА

Біздің өңірімізден шыққан айбынды батырымыз Баян Қосаболатұлына арналған ұлы тұлғалар сағаты №3 Аяған Шәжімбаев атындағы мектеп кітапханасында батыр қолбасшының мерейлі жылына арналды. 

14 жасынан жорыққа қатысып, он жеті жасынан аты шыға бастаған Баян қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданының Аралағаш деген жерде дүниеге келген. 18 ғасыр қазақ халқы үшін қиын-қыстау заман еді, жоңғар, қалмақ жан-жақтан қыспаққа алып, ел қатты күйзеліске ұшырайды. Осы кезде халықтың басын қосып, қасына батырларды жинаған ер Абылай Батыр Баянның көзсіз ерлігіне сүйсініп, жақсы көрген екен. «Үш жүздің ішіндегі батырлардың ішінен кімді ерекше бағалайсыз? - деген сұраққа Абылай хан: «Бәсентиын Малайсары байлығымен, батырлығымен, мінезімен ерекшеленсе, Уақ Баян ақылдылығымен, батырлығымен, ержүректілігімен ерекшеленеді» - деп екі батырды бөліп айтқан екен. Абылай жинаған батырлар ішінде Қара Керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Сары, Баян мен Сағынбай сынды ел ардақтылары болған. Аталған батырлар ішінде бүкіл өмірін қазақ жұртының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ер жүрек батыр Баян Қосаболатұлы (1714- 1757). Өкінішке орай Баянға қатысты тарихи деректер өте аз. Қазақтың атақты ғалымы Шоқан Уалиханов «18 ғасырдағы батырлар жайлы тарихи деректер» атты еңбегінде Баян туралы айтқан. Батыр жайлы біраз мәліметті біз сол кездегі ел мұқтажын жырлаған, халықты ауызбіршілікке үгіттеген жыраулардан көреміз. Тәтттіқара, Үмбетей, ақиық ақын Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» дастанын жазған. Осы поэма желісі негізінде көркем фильм түсірілген.

...Қалың қол ортасында батыр Баян,

Баянның батырлығы Алашқа аян.

Екі көз екі қызыл шоқ боп кеткен,

Аузынан көбік болып бұрқырап қан,

Оң-солға алдаспанды сілтегенде,

Бұлақтай қалмақ қанын бұрқыратқан 

Мағжан Жұмабаев

Батыр Баян Іле бойында қалмақтың қалың қолымен шайқаста 1757 жылдың жазында опат болады. Батыр Қарағанды облысы Қарқаралы жерінде жерленген. Батырдың ұрпақтары Мағжан Жұмабаев ауданында тұрады.

Осы және де басқа деректер келтірілген соң оқушылармен «Тарихи есімдер» викторинасы, «Батырларды танимыз» фотосурет конкурсы, «Батыр Баян»  дастанынан үзінділер оқылды. «Ғажайып туынды – Батыр Баян» атты бейне баянына, «Аты аңызға айналған ұлы қолбасшы» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, әсерлі де танымды түрде берілді. 9 сынып қатысқан бұл сағаттың мақсаты – оқушыларды қазақ халқының өткеніне, тарихына көз жүгіртіп, қызығушылық тудыру, іс- шаралар арқылы ұлт болашағы саналатын жас ұрпақты отансүйгіштікке, өткенді, бабалар ерлігін ұмытпай, тәуелсіздік жолында аянбай күрес жүргізген ел қорғаған батырларымызды, ардақтыларымызды еске алып, осындай батырлардың арқасында тағдыры мен келешегін қорғап қалғанын көрсету.  

 

басқа жаңалықтар