Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Солтүстік Қазақстан облысы

ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ БІРТУАР ПЕРЗЕНТІ

ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ БІРТУАР ПЕРЗЕНТІ

Орталық аудандық кітапхананың коворкинг орталығында атақты мемлекеттік және қоғамдық қайраткер Мақтай Сағдиевтың 90 жылдығына арналған «Халқымыздың біртуар перзенті» атты дөңгелек үстел өтті. іс-шараға қатысушылар атақты жерлестерінің Отаны мен туған жеріне сіңірген еңбектерін еске алды.

Мақтай Рамазанұлы Есіл ауданының тумасы. Ол 1929 жылы 12 мамырда Өндіріс ауылында дүниеге келген. Мақтай Сағдиев өмір бойына жауапты партиялық қызметтерді атқарып және ауылшаруашылық өндірісін айтарлықтай көтеруге, елді мекендерді абаттандыруға және электрлендіруге, автомобиль жолдары желісін кеңейтуге, білім, денсаулық сақтау және мәдениет салаларын дамытуға күш салып, қоғамдық-саяси істі белсенді жүргізді. Еңбек өмірбаянын 14 жасында туған ұжымшарының трактор-егіс бригадасында бастайды. 1950 жылы Семей мұғалімдер институтын тәмамдап, Қарағаш мектебінде тарих пәнінің мұғалімі, директоры лауазымдарын, содан кейін аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, кеңшардың партбюросының хатшысы қызметтерін атқарады. 1962 жылы Мақтай Рамазанұлы «Афанасьевский» кеңшарының директоры ретінде тағайындалып, екі жыл ішінде оны озаттар қатарына шығарады. Төрт жылдан кейін Мақтай Сағдиев Соколов аудандық комитеті партиясының бірінші хатшысы болып сайланады. Бұдан кейін жаңа құрылған Жамбыл ауданының басшылығы қызметіне орналасады. Біршама уақыт өткеннен кейін Мақтай Рамазанұлы Торғай және Қостанай облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болады. 1980 жылы Қазақстан басшылығы Мақтай Сағдиевты балық шаруашылығы министрінің қызметіне тағайындайды да, ол басшылық еткен уақытта өркендеген салаға айналады. Содан соң Қостанай облыстық атқару комитеті төрағасы, Көкшетау облыстық комитеті партиясының бірінші хатшысы, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы қызметтерін, тәуелсіздік жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі, Жоғары Кеңес және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. ҚР Тұңғыш Президентінің орденімен, «Ленин», «Октябрь революциясы» ордендерімен, ХШЖК-нің үш орденімен, «Парасат» орденімен марапатталады.

Аудандық кітапхананың қызметкерлері Алматы және Қостанай мұрағаттарынан алынған сирек бейнежазбаларды көрсетті. Бұнда Мақтай Рамазанұлының Мәскеуде Партияның бүкілхалықтық съезіндегі сөйлеген сөздері, сондай-ақ әріптестерімен ауылшаруашылық тақырыптарына пікірталастары бейнеленген.

Аудан әкімі Ербол Болатұлы Сағдиев Мақтай Рамазанұлы жайлы және оның өзіне көрсеткен зор ықпалы туралы естеліктерімен бөлісті. Ербол Болатұлының айтуынша, ол барлық кәсіби және өмірлік қасиеттерді басты тәлімгері Мақтай Рамазанұлынан игерген. Аудан басшысы Мақтай Сағдиевтың құрметіне мерейтойлық іс-шаралар өткізу жоспарларымен де бөлісті.

Мақтай Рамазанұлы туралы естеліктерін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Мұқашев еске алды: «Мақтай Рамазанұлы туралы ұзақ және көп айтуға болады. Ол ашық және қарапайым адам. Ол қызмет еткен уақытта ардагерлік ұйымдардың рөлін тиісті деңгейге көтеру үшін біраз еңбек атқарды. Бүгінгі күні мен, аудандық ардагерлер кеңесін басқара отыра, Мақтай Рамазанұлы белгілеген міндеттерді жүзеге асыруға тырысудамын».

Дөңгелек үстел қонақтары қарапайым, адал және өз жұмысын жетік меңгерген Мақтай Сағдиевтың халықтың есінде құрметті және өз кезеңінің атақты өкілі ретінде қалатындығын атап өтті.

 

басқа жаңалықтар